"Тамшы" блогы

Алаш баласы, аман жүр!

Қызметтегі «қызықтар»

Әдетте, былайғы жұрт журналистерді сөзден мүдірмес шешен, от ауызды, орақ тілді, суырыпсалма қауым деп ойлайды. Өйткені, теледидердың экранында немесе радионың эфирінде журналистер жаңылмастан «сайрап» жатамыз. Газеттердегі мақалалар да «мінсіз» көрінеді. Бірақ, бізде де «қызықтар» аз болмайды. Яғни, журналистер де «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ» емес.
Өз басым радиода қызмет жасаймын. Бізде тікелей эфир деген болады. Бұл өзі жауапкершілігі мол қызмет. Бірақ, эфирде не айтатының қағазға жазылып, алдын ала дайын тұрады. Бәрі қағазға түсірілмесе де, тезис дайын болғаны абзал. Жаңылмас үшін қажет бұл. Артық –ауыс кетуге болмайды. Дегенмен, кейде тікелей эфирге хабарласқан адамдармен тілдескен кезде қағазда жазылғандардан ауытқитын кездеріміз де болады. Біз көбіне тікелей эфирде интерактивті ойындар өткіземіз. Бұл енді қағазға қарамай сөйлейтін, еркіндеу форма. Бұл «еркін форманың» өзінде де қызықты оқиғалар аз болмайды.
Мәселен, жексенбі сайын той жүргізіп, тәуір асаба ретінде танылып қалған әріптесміз Ұлағат Ханзада бірде тікелей эфир кезінде «қадірменді тыңдарман» дегеннің орнына, «қадірменді қонақтар» дегені бар. Ал, Жәнібек Амангелдіұлы деген әріптесіміз өзін таныстырмақ болғанда, есім-сойын ұмытып қалып, «микрофон алдында журналист Амангелдіұлы» деп оқыған. Әдетте, ауызекі сөйлегенде де орысша қоса қоймайтын Қанат Тұрар «Жарайсың!» дегеннің орнына «Мәләдессс» деп тікелей эфирде айтып қалып, сасқалақтағаны бар. Қысқасы, мұндай оқиғалар аз кездеспейді. Бірде сол, тікелей эфирде оқитын қағаздарымды ала салып, студияға кіріп, әлгі жазған-сызғандарымыздың бірін әріптесіме бере салғанмын. Бірақ, ол сөйлеп отырған жерінен күліп жіберді. Эфирдегі микрофонды өшіріп, ән жібере салдық. Сөйтсек, мен жазған текстердің ішінде «маңызды» деген сөздің алдыңғы екі әрпінің орны асығыстықпен қағазға ауысып түсіп кетіпті. Әріптесім, сол сөзді «өзгерген» қалпында көріп қалса керек. Құдай сақтағанда мұны редакторымыз байқамай қалыпты. Кейін, сөз арасында бұл оқиғаны бастығымызға айтып бергенбіз. Сөйтсек, ол кісінің басынан да осыған ұқсас оқиға аз болмағанға ұқсайды..
Бастығымыз сондай қызықты оқиғалардың бірі жайлы:«80- жылдардың соңы, кеңестің жоспарлы экономикасы әлі күшінде тұрған кез еді» -дейді. Журналистикаға жаңа келгенбіз. Ол кезде компьютер жоқ. Машинкаға басылған тексті оқимыз. Бірде, әріптес қыздардың бірі тікелей эфирде оқып отырған текстін орта жолдан үзіп, күліп жіберді. Сөйтсек, малдан күйек алу науқанына қатысты жазылған жаңалықта «екі бұқа күтімде тұр» деген сөйлем болыпты. Бірақ, сол сөйлемдегі «күтімде тұр» деген сөздің «күтімдесіндегі» «ү» әрпінің орнына, «ө» әрпі жазылып кетіпті» дейді басшымыз. Біз біраз күлдік. Енді сол сөйлемді ауысып кеткен әріптермен оқып көріңіз. Егер сол сөйлемдер эфирге шығып кетсе, онда бас кетер еді. Баяғыда, әйгілі қазақ дикторы Әнуарбек Байжанбаев Алматыдағы ауа-райын айтып отырыпты дейді. «Қазір Алматыда күн ашық, ауаның температурасы бәлен градус» деп алып, «Жоқ, ауа-райын болжаушылар өтірік айтады, жаңа ғана даладан келдім, Алматыда сіркіреп жаңбыр жауып тұр» деген екен дейді. Әрине Әнуарбек Байжанбаевтың басынан өткен қызықты оқиғалар қазір сирек шығар. Қалай болғанда да техника жаңа ғой. Дегенмен, кез-келген қызметте өзінің «косяктары» болып тұрады. Бұл біздің басымыздан да өтіп жатады. Әңгіме болсын, сіздер де жұмыстарыңызда анда-санда болса да кездесетін қызықты оқиғаларды айта отырыңыздар

Қараша 30, 2010 Жариялаған: | Жазған-сызғандарымыз осы | 4 пікір

“Ауылым әнім”

Әдетте, күнде естіп, көріп жүрген соң ба, көп нәрсенің қадірін білмейміз ғой. Бұл жай әндерге де қатысты болады екен. Ескендір Хасанғалиевтің “Ауылым әнім” деген тамаша әні бар еді ғой. Бүгін сол әнді тағы да тыңдадым. Содан соң, ойланып қалдым. Япыр-ау, неткен әдемі ән еді өзі. Сөздері де керемет екен ғой. Ойландырып тастады. Шынында да, “туған жерін сүйе алмаған, туған елін сүйіп” жарыта қоймас. Бала кезімде, бұл әнді үлкендер жиын-тойда жиі айтатын. Ол кезде, Ескендір Хасанғалиевті біз әрине білген жоқпыз. Біз дегенде, өзім туралы айтам. Әйтпесе, үлкендер білді ғой.
Монғолияда туып-өскенімді айтқанмын сіздерге. Сол моңғолиялық қазақтар бұл әнді жиі айтатын. Шамасы, үлкендер сол кезде бұл ән арқылы, туған жерге ғана емес, атамекенге деген сағыныштарын басатын болса керек. Оны әрине, қазір түйсініп жүрмін. Тағы бір қызық оқиғаны жұбайым айтып бергені бар. Жан-жарымның да әкесі, яғни қайын атам бұл әнді сүйіп тыңдайтын көрінеді. Маңыздысы бұл емес…
Жұбайым 2001-2005 жылдар аралығында Германияның Мюнхен қаласында оқыған. Дәлірек айтсақ, Мюнхеннен 9 шақырым жердегі Оттобурн қалашығында тұрып, Мюнхенде оқыпты.
“Германияда жүргенде туған жерімді қатты сағынатынмын. Өйткені,Оттобурнда менен басқа қазақ жоқ еді. Мюнхенде қазақтар тұрады дегенді естісем де, 1 млн-нан астам халқы бар қаладан оларды бірде-бір рет кездестірген жоқпын. Негізі, қалада түрі қазақтарға ұқсайтын адамдарды кездестіріп қалатынмын. Бірақ, қасына барып, жөн сұрасам бірде-біреуі қазақ болған емес. Қырғызды, монголды, бурятты кездестіргенмін. Түріктер тіптен көп. Бірақ, 4 жылда бір-ақ рет қазақтарды кездестіргенмін. Оның өзі дүкенде болған оқиға еді. Дүкендердің бірінен кішкентай бала жетектеген егде әйел мен қарияны көргенмін. Түрі қазаққа ұқсайтын. Бірақ, киім киістері еуропалықтардан аумайтын. Әдеттегідей, тағы да жөн сұрағым келгенімен, батылым барған жоқ. Сөйтіп, бөгеліп тұрғанымда әлгі баланың “әже” демесі бар ма?! Дәл, сол сәтте мен де әлгі әйелді бас салғанмын. Ағыл-тегіл жылағанмын. Әйел де басымнан сипап жұбатқаны бар. Ол кісілер Мюнхенге Қазақстаннан барыпты. Сол жаққа көшкен немістерге қонаққа келсе керек. Бұл менің 4 жылда Мюнхенде қазақтарды кездестірген жалғыз сәтім еді.
Жалпы, сол оұиғадан бұрын да, кейін де Оттбурннен Мюнхенге велосипедпен баратынмын. Бавария жері тамаша ғой, егіннің арасымен қалаға дейінгі 9 шақырымды таңертең және кешке күн сайын жүріп өтемін. Қалаға кірген соң, ең шеткі метро станасына барып, велосипедімді қалдырамын да, орталыққа метромен кететінмін. Күнде осы еді. Негізі өзім тұрған неміс жанұясында таршылық көрген жоқпын. Отбасы мүшелері жақсы жандар еді. Бірақ, неге екенін білмеймін туған жерімді қатты сағынатынмын. Күн сайын велосипедпен егіннің арасымен жүрген кезде “Ауылым әнім” деген әнді айқалап айтып, жылап алатынмын. Өкініштісі, сол әннің не кассетаға, не дискге жазылған нұсқасы менде болған жоқ. Тек, әкемнің айтып отыратын кезінен қалған әуені мен сөздері санамда жатталып қалыпты. Қазір, Ескендір ағаның осы әнін тыңдаған кезде сол кездерім есіме түседі. Бірақ, туған жеріме деген сағынышым дәл сол кездегідей емес сияқты. Шамасы, атамекеніме келген соң, өз ұлтымның ортасында жүрген соң, сол сезімдердің қадірі кетіп қалды ма екен? Білмеймін. Бірақ, бұл ән мен үшін өте ыстық” деген еді. Жұбайымның бұл әңгімесі мені де ойландырып тастағаны бар. Әрине, дәл оның сезінгенін мен сезіне алмаспын. Алайда, қазақтың әдемі әндері мен жырларының сананың түбіндегі беймәлім сезімдерді дір еткізетін құдіреті болады. Мұны, бойында қазақтың қаны тулап жатқан кез-келген адам сезінетін шығар. Әлде мен қиялимын ба?

…мен мына таудың баурайында дүниеге келіппін. Алтайдың осы шыңы маған әлі күнге ыстық. Мына,

Қараша 29, 2010 Жариялаған: | Аудио жазбалар, Жазған-сызғандарымыз осы | 3 пікір

Мәшһүр Жүсіпке жүгінсек; «табысқа қалай жетеміз?»

ХХІ ғасырда шамасы, табысқа жетуді көздемейтін, ел қатарлы ғұмыр кешуді қаламайтын, тіпті бай болғысы келмейтін пенде жоқ шығар. Қазір, біраз жұрт табысқа жету жолдарын ілім ретінде үйрететін де болды. Алайда, бұл мәселе қазақтың дүниетанымында бар ұғымдар екен. Бірде, Қазақ радиосындағы «Мен қазақпын!» бағдарламасында Мәшһүр Жүсіптің еңбектері жайлы сөз еткенбіз. Хабарымызға дінтанушы Омар Жәлелұлын шақырғанбыз. Әрине, МәшҺүр Жүсіп атамыздың барлық айтқандарын бір бағдарламаға сыйғыза алмасымыз белгілі еді. Бірақ, ғұламаның «адамның табысты, бауқатты болу жолдары» туралы айтқандарын біраз әңгіме қылдық. Сол сұхбат барысында Омар Жәлелұлы бұл мәселені ғұламаның еңбектеріне сүйене отырып былай тарқатып берді. Мен оны аудиотаспадан қағазға түсіріп, енді сіздерге ұсынып отырмын.
«Мәшһүр Жүсіп адам баласының бақытты, бақуатты ғұмыр кешуі үшін ең алдымен шүкіршілік қылуы тиіс дейді. Алдымен, адам Алла тағалаға шүкіршілік қылуы қажет. Мәшһүр Жүсіп атамыз оның да екі түрін айтады. Біріншісі, «әлһамдулиллаһ» деп тілмен айту. Ол Алла тағаланың барлық беріп жатқан нығметтеріне тілмен айтылатын шүкіршілік. Екіншісі, қолмен жасалатын шүкіршілік. Қолмен жасалған шүкіршіліктің сауабы тілмен айтылғаннан әлдеқайда көп болса керек. Бұл қиналған адамдарға көмек көрсету, садақа беру сынды әрекеттер екен. Яғни, Алла тағаланың берген байлығы, нығметтері адам бойынан, қолынан көрініп тұруы тиіс. Кем-кетік пен жоқ-жітікті тойындырып, киіндіріп, садақа берген адамдардың байлығы да арта түсетін болса керек. Бұл енді ислами үғым. Әрине, Мәшһұр Жүсіп атамыз бұл мәселелерді қазаққа ұлтымыздың өз салт-дәстүрінен алып, әдемі жеткізіп отыр.
Екінші, шүкіршілік патшаға жасалуы тиіс екен. Мәшһүр Жүсіп атамыз тіпті, ақ патшаға да шүкіршілік айтыпты. Ғұлама өзі өмір сүрген дәуірде «Әзірейіл барда жаным бар демес, ақ жалау барда малып бар деме» деген мақалдың пайда болғандығын айтады. Өйткені, ХІХ ғасырда Қоқан хандығының шапқыншылары ақ жалау көтеріп, қазақты шауып, қызын зорлап, ұлын құл қылып, малын барымталап әкетіп тұрыпты. Сондықтан, «ақ жалау барда, малым бар деме» деген мақал шығыпты. Кейіннен, орыстар Қазақ жерін тұтастай басып алып, оңтүстік өңірлерге дейін бекіністер салған соң, қоқандықтардың қоқаңдауы да тыйылса керек. Ғұламаның, ақ патшаның өзіне шүкіршілік ету керек дегені содан шықса керек. «Арабтар патшаны «сұлтан» деп айтады» дейді ғұлама. Сұлтан деген араб тілінде «ойына не келсе, соны орындайтын адам» деген мағына береді» дейді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Ғұлама «Патша Алла тағаланың жердегі көлеңкесі» деп айтқан, Аллада көлеңке болушы ма еді? Әлбетте көлеңке болмайды. Алла тағалада мекен де жоө, көлеңке де жоқ. Бұл патшаның басқа адамдардан артықшылығын айтқаны. Меккені байтуаллаһ, яғни Алланың үйі дейді. Аллада үй болушы ма еді? Жоқ. Ол да сол мекеннің қадір-қасиетінің артықтығын меңзегені» дейді.
Мәшһүр атамыз үшінші шүкіршілікті ата-анаға қылу керек дегенді айтады. Өйткені, адам баласы ата-анасынан алғыс алса, ғұмыры ұзақ болады деген ұғым болыпты. Исламда «Ата-ананың алғысы Алланың алғысы, ата-ананың қаһары, Алланың қаһары» деген қағида бар екен. Қазақтың «алғыс түбі ақ май, қарғыс түбі қара қан» деген мақалы осыдан шыққан болса керек.
Төртінші шүкіршілік, ұстазға болуы керек екен. Мәшһүр Жүсіп ұстазға шүкіршілік адамның ғылымын арттыратынын айтады. Бесінші, күндік күнге, түнде айға шүкіршілік, Алтыншы, екі аяқтыда адамға, төрт аяқтыда атқа шүкіршілік ету керектігін де айтыпты ғұлама. Одан кейін ерге серік қылып берген әйелге шүкіршілік қылу керек екен. Ғұламаның айтуына қарағанда ер жігітке Алла әйелді нығмет қылып берген екен. Ғалым «қалай еркек қатынды болады, солай басына қалқа тұрғызылады» деп сипаттапты. Қазақ философиясындағы «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегенді біз түсінбей жүрсек, адам үйленгеннен соң ғана, баспана мәселесін ойлайтын болса керек. Бәлкім, бұл да Алланың хикметі шығар, бойдақ күнде жиған-тергеннің берекесі аздау болады, керісінше үйленген соң, көп адамның ісі оңға баса бастайды.
Мәшһүр Жүсіп жігіт үйленген соң ғана, үй іші дүниеге, қорасы малға толады дегенді айтады. Сонымен бірге әйелсіз дүние ләззатының, рахатының мәнісі болмайтынын айтыпты. Тіпті, «Қатындай нығмет бар ма екен?» деген өлең де жазыпты. Онда
«Сүйсе жүзі абат,
Басқа жерін айтсам ұят»-деп әйелге шүкіршілік қылуды ескертіпті. Ғұлама әйелді еркектің киіміне теңепті. Егер ол жақсы болып кездессе, онда жігітті ағайынға, туысқа, алашқа, жатқа жақсы қылып көрсетеді. Жаман болып кездессе керісінше болады. Қызықты тұжырым.
Сосын, Мәшһүр Жүсіп адам табысқа жетуі үшін үш нәрседен құтылуды өсиет етіпті. Олар –ұйқы, жалқаулық, кежірілік болса керек. Нәпсінің қалауы болып саналатын бұл нәрселер адамның табысқа жетуіне кедергі жасайтын көрінеді. Мәшһүр Жүсіп «кежірліктің тамыры желкеде болады» депті. Әрине, «кежірлік» деген «қырсықтық» дегенді білдіретіні сөзсіз. Қазақта «кедей болатын адамның желкесінде қырық қаңтаруы болады, біреуі босатса да қалғаны босатпайды» деген сөз де бар екен. Мәшһүр Жүсіп кежірліктен құтылудың жолы ретінде кім жұмсаса да, жүгіріп, орындап, елгезек болып үйрену қажет екендігін айтыпты. Ал, ұйқының тамыры адамның шынтағында болатынын айтыпты ғұлама. Адамның шынтағы жерге тисе ұйқы басады екен. Мәшһүр Жүсіп одан құтылудың жолы ретінде не ахирет қайғысын, не дүние қайғысын ойлауды ұсынады. Ал, «жалқаулықтың тамыры адамның дүмінде болады» депті. Яғни, жалқаулыққа бастайтын жол адамның май құйрығында жатса керек. Одан құтылу үшін «түк істемесең де, әрлі бері жүріп үйрену керек» депті Мәшһүр Жүсіп атамыз.
Тағы бір қызық жай, «адам бай болу үшін, қасыт қылу керек» депті. Қасыт – «ниет» деген сөз екен. Адам ниет етіп, амал жасаса, «Алла өзінің құдіретімен оны халқ қылады, яғни жарата қояды», «дүние себепсіз болмайды, сен себеп қылсаң, Алла мусабап қылады» депті МәшҺүр Жүсіп. Мусабап–себептерді іске асырып, жарата қояды дегенді білдіретін көрінеді. Біздің бабалар табысты болу жолдарын осылай түсіндіріпті».

Қараша 29, 2010 Жариялаған: | Жазған-сызғандарымыз осы | , , | Пікір қалдыру

«ИТ АУЗЫНА АҒАШ ТЫҒУ-2»


Өркеннің осы мақаласы естеріңізде болар. «Ит аузына ағаш тығу» деп аталатын еді ғой. Өркен Кенжебектің бұл мақаласы баспасөзде де жарық көрген еді. Шамасы, Өркеннің айтқандары Қанат Қабрдахмановтың шамына тисе керек, тағы да «Времясына» жүгініпті. Мына «Время» құтырып тұр. «Іштен шыққан шұбар жылан» Қабдрахмановтың алғашқы сұхбатын «Нацию сформируют русскоязычные…» деп жарияласа, «Өркенге ренжіп, «мені түсінбеді» деп қайтадан «Времяға» шағым айтқан халықаралық ПЕН-клубтың мүшесі, жазушы (қазақтар үшін- «жазушысымақ») Қабрдахмановтың жаңа тұжырымдарын бұл газет тіптен айқайлатын жіберіпті. Тақырыбы–«Цивилизацию создадут русскоязычные…» . Мәссаған, безгелдек. Қазаққа қарсы шықпаса ішкен астары бойына сіңбейтін «Время» «қарсы соққыны» күшейткен тәрізді. Қанат Қабдрахманов әу бастағы «ұлтты орыс тілділер қалыптастырады» дегенін тіптен күшейтіп «Өркениетті орыс тілділер жасайды» деп бөсіпті.
Сонымен Қабрдахмановтың пәсапасына сенсек, «ұлтты, өркениетті құру мәселесі ең алдымен гуманитарлық, дүниетанымдық сипатта болса керек. Бұрын-соңды тарих сахнасына келіп-кеткен өркениеттер де, қазіргі өркениеттер де ең алдымен халықтың бірлікке деген ұмтылысы негізінде құрылған» дейді жазушы. Әрине, мұнымен келісуге болады. Қазақ «алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел босла төбедегі келеді» деп бірліктің, әсіресе ұлттың бірлігінің маңызды екендігін Қабдрахмановтан әлдақашан бұрын айтып кеткен.
Содан соң, Қабдрахманов «менің ойымша біздің ортақ үйіміздегі тыныштықты сақтап, бәрімізді жақындастырып тұрған нәрсе– баршамыздың төзімділігміз. Бұл бізге КСРО-дан қалған мәдени мұра»-дейді. Стоп! Сонда Қабдрахмановтың ұғымынша, КСРО-дан бұрын қазақ өзгені «алдынан келсе тістеп, артынан келсе теуіп» жолатпай қойып па? КСРО-дан қазаққа қалған ең үлкен «мұра» -құлдық сана екендігін мойындасақ керек-ті. Сол құлдық пиғылдан құтыла алмаған Қабдрахманов «орыс тілінсіз өмір жоқ» деп қатты айтсақ, оттап жүр.
Енді әрі қарай жалғастырайық, сонымен Қабдрахманов «бізде қазір ортақ идеология жоқ, бәріміз бірдей сөйлейтін ортақ тіл де жоқ. Біз әртүрліміз, бірақ бір-бірімізге төзіммен қараймыз, «мысықтілеулі» емеспіз» дейді. Әрине, идеология мәселесімен келісеміз. Алайда, тіл мәселесінде кедергі жасап жүргендің осы Қабдрахманов сияқтылар екендігін ұмытпасақ керек. Рас, қазақ өзгелер үшін «мысықтілеулі емес», бірақ өзгелер «сыйға- сый, сыраға -бал» жасай ма? Жоқ әрине. Егер қазақ өзінің ұлттық мүддесі туралы айта бастаса оны «біздің құқымызды шектеп жатыр» деп бағалайтындар аз емес. Күздегі Захаровтың мәлімдемесі, Қызылжарға қатысты дау соның айғағы.
Тағы сол «Времядағы» «жаңа» мақалаға оралсақ Қабдрахманов «төзімділік мәдениеті- біздің туа біткен қасиетіміздің бірі, алайда онда қазіргі дәуірдің идеологиясы жоқ. Тіпті, онда басқаша сипаттағы қоғамдық-саяси құрылым шарттарындағы жалпыға бірдей мәдени қоғамдасуды қолдауға қажетті нақты идея да жоқ» дейді. Демек, қазақтың кеңқолтық болуы бүгінгі күннің талаптарына сәйкес келмейтін көрінеді. Сондықтан, жаңадан мәдениет қалыптастыру керек болып тұрған сыңайлы. Қабдрахмановтың логикасы.
«Біздің ұлттық дүниетанымымыз қандай? Қазір ол кем дегенде 3 түрлі бөлімнен тұрады: 1) өздерін «ұлтшыл-патриоттар» деп атайтын адамдар жүргізіп жатқан идеология; 2) қалалық, әсіресе орыс тілді қазақтар қалыптастырған идеология; 3) орыс тұрғындардың идеологиясы» Бұл да Қанат Қабдрахмановтың сөзі. Оның ойныша дүниетаным осы екен. Яғни, идеологиямен өлшенетін болса керек.
«Бұл мәселеде орыстар «ұлтшыл-патриотардың» ұстанымдарын түсінбейді және қабылдамайды, ал ұлтшылдар өз кезегінде орыстарға жау пиғылда, қыңыр, орыстар олармен қазақ тілінде сөйлескісі келмейді. Егер осы топтардың арасында орыс тілді қазақтар демпфера болмаса, онда олардың арасында қақтығыс болмауы мүмкін емес, тіпті әлдеқашан шыққан болар еді»
Бұл да Қабдрахмановытң «Времядағы» былапыты. Сонда, қазақ ұлтының ортақ мүддесін жоқтап жүрген «ұлтшыл-патриоттар» қолдарына қару алып, орыстарды атып-аспақ ниетте ме?! Ең қыңыр ұлтшылдың өзі мәселені бұлай қоймайды. Әлгі Захаров дегеннің «билікте бізді жақтайтын 20 шақты шенеунік бар» деуі осы Қабдрахмановтарға қарата айтылған шығар. Орысшыл болыпкеткен осындай ұлтсыздар халық алдындағы айыбын мойындап, үйріге қосылуға талпынғанның орнына, өздерін ақтаумен әлек болып жүр. Орыс тілді қазақтар ешқашан ұлтшылдар мен орыстардың арасында демпфера болған жоқ. Оның қажеттілігі де аз.
«Ұлтшыл-патриоттарда» тек олар ашық айтатын бір ғана идея бар. Ол-Қазақстанда барлық тұрғындар қазақша сөйлеуі тиіс. Қазақ тілінің басымдық алуын ең алдымен қоғамда қазақ мәдениетінің басымдыққа ие болуы деп бағалауға болады». Бұл да сол Қабрдахмановтың айтқандары. Сонда, мемлекеттік тілде баршаның сөйлеуі заңға томпақ келе ме? Орыс тілділер «батыстың мәдение құндылықтарын орыстың тілінсіз игере алмаймыз» деген ойдан арылмай жүр. Мныау да соның көрінісі. Тіпті, Қабдрахманов «мәдениет» деп орыстардың ұғымы тұрғысынан қарастыратын тәрізді. Қазақтың салты мен дәстүрі, тілі мен діні, өнері, тіпті өмір сүру салты да мәдениет. Түріктің атақты ақыны Мехмет Акиф Ерсой батысшылдардың «мәдениет» дегеніне «Мәдениет- деп жүргендерің жалғыз тісі жалған жыртқыш. Менде иман толы кеудем бар» деп жауап беріпті. «Времяның» «тұрақты клиентіне» де осылай деуге болатын шығар.
«Орыс тілді қазақтардың басты артықшылығы –отандық мәдениетке сезімталдықпен қарауда емес, саналы түрде зер салуында. Бұл көзқарас көпті көрген, көп нәрсе жоғалтқан және өздеріне не қажет екендігін білетін адамдардың ұстанымы. Біз өмірдің маңызды міндеті ретінде қазақ тілінің басымдыққа ие болуын күштеп таңуды емес, отандық өркениеттің моделін қалыптастыруды бағалаймыз. Қазақ тілі-бұл өзін-өзі көрсету құралы, мәдениет құралы, бірақ мәдениеттің дәл өзі емес. Қазақ тіліне лайықты орын берілетін жаңа мәдениет жасалып жатқан кезде, бұл тілге ештеңе де қауіп төндірмейді» Тағы да сол Қанат Баянұлының әңгімесі бұл. Қабдрахмановтың бұл сөзі әрі-беріден соң, баршы қазақты қаралау. Тіпті, орыстілді қазақты ұлт ретінде бөлуді көздейтін тәрізді. «Қазақ тілді қазақтардан артықпыз» дейді. Олар кез-келген мәселеге саналы түрде зер салатын көрінеді-мыс. Яғни, Қабдрахманов сияқтыларды айтам. Сонда, біз, мына қазақ тілін құрал еткендер (Қанат Баянұлының ұғымынша «қазақ тілі-мәдени құрал») санасыз болдық па? Бәріне эмоциямен қарайтын болдық қой? Кім қазақ тілінің басымдыққа ие болуын күштеп таңғалы жатыр? Керісінше, талай уақыт беріп, түсіністікпен қарап, «құлдықтың қамыты батты ғой, асықпай ана тілдерін үйренер» дедік емес пе?! Сөйтсек, Қабдархманов сияқтылар өздерінше мәдениет жасамақ ниетте екен. «Времядағы» мақаладан осыны ұқтық

Қараша 25, 2010 Жариялаған: | Жазған-сызғандарымыз осы | , , | 6 пікір

«Тәуелсіздік күні емес, Жаңа жыл жақсы тойлансын!»

Сонымен әдеттегідей, Қазақ елі өзінің бұл пәнидегі ең ұлық мейрамы–Тәуелсіздік күні мерекесін емес, Жаңа жылды тойлауды бастап кетті. Сенбесеңіздер, ертең Астана қаласында кейбір білгіштердің тілімен айтқанда «Қазақстанның ең басты шыршасының» шамдарын жағу рәсімі өтеді. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі қатысады. Бұл-Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет.
Сонымен жарнамасы қарашаның басында-ақ жаһанға жария етіле бастаған Жаңа жылды тойлау басталып кеткен тәрізді. Әдетте, Президент жыл сайын 1- желтоқсан күні Астана төріндегі алып шыршаның шамдарын жағу рәсіміне қатысатын. Биыл бұл шыршаның шамдары 5 күн ерте жағылатын болды. Ертең кешке Астананың Ақорда алаңында орнатылған шыршаға ілінген шамдар ресми түрде самаладай жарқырайды. Оған тағы да биліктегі ығай мен сығай, еркіндіктің есігін ашқан Тәуелсіздік күнінен гөрі Жаңа жылды артық көретін біраз жұрт жиналады. Білетіндер, Жаңа жылға арналған «бас шыршаның» «бойы» 30 метр екендігін айтып жүр. Шыршаға, 650 ойыншық, 700 метр сымға тізілген жарқырауық шамдар ілініпті. Ақорданың алдындағы «бас шыршаның» шамдары жанған кезде, Астананың түпкір-түпкіріндегі ірілі-ұсақты 520 шырша да түрлі-түсті шамдарын жарқыратпақ көрінеді. Айтпақшы, шыршаның шамдарын жағуға арналған рәсімге дайындық жасап жүрген 12 және 13 жасар екі қыз бала мертігіп бүгін қалды. Олардың үстіне үлкен плазмалық экран құлам кетіпті. Қазір бүлдіршіндер ауруханада жатқан көрінеді. Бұл енді Жаңа жылға дайындықтың «сыйлығы». Осы мерекені тойлаймыз деп талай азаматтың мертіккенін де білеміз. Бірақ бұл оқиғалар жаңа жылдың дайындығына қатысты болған бірінші және соңғы оқыс оқиға емес.
Сонымен не керек, мына түрмен біз Жаңа жылға арналған шыршаны күндердің күнінде жаз ортасында тігетін шығармыз. Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын депутаттар Тәуелсіздік күнінен гөрі Жаңа жылды тойлауға қатты назар аударатынымызды айтып, «бұл намыстың мәселесі» деп Үкіметке сауал жолдаған болатын. Әрине, Мәжілістің барлық депутаттары емес, санаулы азаматтар ғана үн қатқан. Бірақ, оларды да, жыл сайын бұл мәселені айтатын журналистерді де тыңдайтын құлақ көрінбей тұр. Кейбір деректерге қарағанда Жаңа жылдың жарнамасын жасау туралы бұйрықты Астананың әкімдігінде отырған дүбәра шенеуніктер қарашаның басында-ақ беріпті. Бірақ, сұрау салсаң, «олай дегеміз жоқ» деп ат-тондарын ала қашады. Шамасы, биліктегілер желтоқсанның 1-2 күндері өтетін ЕҚЫҰ саммитіне келетін шетелдік қонақтарды елден бұрын тігілген жаңа жылдық шыршамен таңдандырмақ ниетте ғой деймін. Біздің шенеуніктер Еуропа жұртын мұнымен таңқалдыра алмайтынын әлі ұқпай жүр. Екіншіден, бұл Тәуелсіздік күнін елеп-ескермеу, тіпті «тәуелсіздік дегенді қойшы, әлем халықтары тойлайтын Жаңа жыл бар емес пе?!» дегенді білдіретін тәрізді. Қанды қайнатып, ашу туғызатын қылық бұл. Қазақ үшін Тәуелсіздік күнінен қымбат қандай мереке болуы мүмкін? Бірақ, билік оны ұқпайтын тәрізді. Сонау 1991 жылы тәуелсіздік алар тұста осы ұлы күннің бұлай елеусіз қаларын білдік пе?! Сол кезде де Кеңес одағы әбден күйреген соң ғана тәуелсіздік жариялаған едік. Одан да қырғыздар мен өзбектер сияқты тәуелсіздікті ертерек жариялау керек еді. Жаңа жылмен жарыспас үшін. Амал қанша, тарихты өзгерте алмайсың. Енді келіп егемен ел болудың 20 жылдық мерекесіне жақындаған тұста тағы да ұлық мейрам Жаңа жылдың тасасында қалды. Бұл түрмен келер жылы, тәуелсіздіктің 20 жылдығын да оңдырып тойлата қоймаспыз. Орыстың құлдық қамытының батқаны сонша, Қазақ еліндегі шенеуніктер 19 жылда өзгерте алмаған санасын, алдағы бір жылда өзгертер деймісің?! Билік пен мемлекет құраушы ұлттың ұстанымы бір-біріне кері бағытта кетіп бара жатыр қазір. Алаш баласы ұлттық құндылықтарын жоқтайды, билік батысқа қарап, Ресейге қарап «ұлиды». Астана әкімдігі таратқан Жаңа жылға қатысты «қуанышты» хабарды естіген соң, бұл ойдың ақиқаттығына тағы көз жеткізгендей боласың. Дегенмен, елден бұрын құттықтап қояйық: Алаш баласы азаттық алған, ақырып теңдік сұраған күн–келе жатқан Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Қараша 24, 2010 Жариялаған: | Uncategorized | Пікір қалдыру

Балталау тәсілі

Кеше «Аманат» пікірсайыс клубының кезекті отырысы өтті. Астанадағы «Rixos» қонақ үйіне өзіміздің Өркен Кенжебек, Бүркіт Нұрасыл бар, «Жас қазақтың» Төлен Тілеубайы, «Нұр Астана» газетінен басшысы Ғабит Мүсіреп бар, менің әріптестерім Қанат Тұрар мен Ұлағат Ханзада бар дегендей бір топ журналистер жиналыппыз. Әрине, біздің мақсат аузы дуалы баяндамашыларды тыңдау еді. «Аманат» клубына жиналғандар осы жолы «Қазақстан және Еуропа: Алаш мұраты, Тәуелсіздік талабы, әлемдік үйлесімділік» деген тақырып төңірегінде әңгіме айтты. Баяндаманы алаштанушы Дихан Қамзабекұлы жасады, оған Төлен Әбдік ой қосты. Содан соң ғана, алаш зиялылары туралы көз майын тауса жүріп, еңбек жазған, оларды тәуір зерттеген Тұрсын Жұртбай сөйледі. Тұрсын ағаның алаш зиялылары туралы көзқарасының қандай екендігін білеміз. Ол кісі ашық айтады, тіліп айтады. Ұлттың мүддесі тұрғысынан айтады. Тұрсын Жұртбай алаш идеясының басты 5 бағыты бар деген пікірде. Олардың біріншісі, ұлттық-демократиялық мемлекет құру екен. Әлихан мен Ахмет осыны арман етсе керек. Мұндай мемлекетте жер жекеменшікке өтпеуі тиіс болыпты.
Екіншісі, жердің асты мен үстіндегі бар байлық қазақтың қолында болуы тиіс екен. Бұл да алашшылдардың идеясы. Бірақ,бірінші бағыт сияқты бұл да орындалған жоқ.
Үшінші, Әлихн Бөкейханов және басқалары қазақ жерінде өндірілген өнімдердің барлығы қазақтың игілігіне жұмсалуы тиіс деген пікірде болыпты. Яғни, бір түйір тас болса ол қазақтың түймесі болып өңіріне қадалуы керек, жүн болса тоқыма болып үстіне киілуі тиіс. Бұл да сол бабалардың мұраты. Бірақ, тағы орындалмаған арман.
Төртінші, қазақ елі рухани тәуелсіз болуы тиіс. Алайда, қазіргі қазақ қоғамы ондай емес. Орысшылдығымыз басым бізде.
Бесінші, алаш зиялылары тәуелсіз ғылымға және ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құруды көздепті. Бірақ, қазіргі Қазақ елінің сипаты елдің бәріне белгілі жай.
Менің бұл айтып отырғандарым, алаштың басты 5 идеясы. Оны Тұрсын Жұртбай жиі айтады. Кешегі жиында ғалым бұл айтылғандарға көп тоқталған жоқ. Бірақ, алаш арыстарының армандары 2001 жылдың мамыр айынан кейін әдірем қалғанын айтты. Өйткені, сол кезде алаш арыстарының жерге қатысты идеясын біздің билік мансұқ етіпті. Бұл алашшылдардың 5 идеясының біз «орындалады-ау» деп үміт еткен соңғысы болса керек. Сондықтан, Тұрсын Жұртбай қазіргі Қазақ билігінің ЕҚЫҰ сияқты ұйымды басқаруын, оның саммитін өткізуін жақтырмайтын көрінеді. Алаш зиялылары «батыстың құндылықтарын игеруге тырысқанымен, ұлттық мүддені ұмытпаған» дейді ғалым. Ал, біз болсақ, қазақты қазір екінші орынға қойдық та, батыстың айтқандарына бас шұлғитын болдық. Айтпақшы, Тұрсын Жұртбай онша жағымды бола қоймайтын ақпараттың шетін шығарды. Оның айтуынша біздің «жоғарғы жақта», сонау «алыста» бір заң жобасы әзірленіп жатқанға ұқсайды. Әзірге Парламентке түспеген. Бірақ, сол заң жобасын кейбір «белсенділер» екі рет жасырын талқылапты деседі. Шамасы, билік қазақ қоғамында діни жағдайдың күрделі бола түскенінен қауіптенетін болса керек, наным-сенім мәселесін заңмен реттемек тәрізді. Тұрсын ағаның айтуына қарағанда бұл заң жобасы бойынша «мешіттен басқа жерде намаз оқуға болмайды. Қыздар басына орамал тағып яғни хиджап киіп, жігіттер сәлде киіп көшеге шығуға болмайды-мыс». Бір «қызығы» әлгі заң кришнаиттардан, иегова куәгерлерінен, сатанистерден, саентологтардан, қысқасы келімсек секталардан емес ислам дінінен қауіптенетіндердің ойлап тапқан «жаңалығы» тәрізді. Яғни, кез-келген дүниені балтамен бір-ақ шабатын, қарадүрсін тәсіл. Бұл енді әзірге қауесет. Әдеттегідей, биліктің қалтарыс-бұлтарыстарының бірінен сыртқа шығып кеткен жел сөздің бір ұшқыны. Бірақ, «жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайтынын» ескеріп қойған жөн шығар. ӘБІСЕ-нің (Тұрсын Жұртбайдың ойынша «ОБСЕ» қазақша осылай айтылуы тиіс тәрізді. Өзі солай айтып отырды. Ал, «Хабардың» тілшісі Жайна Сламбек тіпті ОСКЕ деді. Ағылшынша жазылған OSCE қазақша тура оқысаң осы ғой) саммиті өткен соң біздің билік тағы қандай қадамға барарын кім білсін?!. Қазіргі биліктің батыстың құндылықтарына деген көзқарасы біз сөз еткен заң жобасы деңгейінде болса онда «қызықтың көкесі» алда шығар.

Қараша 24, 2010 Жариялаған: | Жазған-сызғандарымыз осы | 1 пікір

Cұмдық-ай!

Бүгін сұмдық жаңалық естідім. 7-арнада қызмет жасайтын досым Жалғас Сәдібекұлы «Новости-Казахстан» ақпарат агенттігінің жан түршіктірер жаңалығын агент арқылы жіберіпті. Сұмдық хабар екен.
Жаңалық деуге келмес, қаралы хабар бұл.
Агенттіктің ақпаратына сенсек өткен Құрбан айт кезінде Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Кибрай ауданында сол жақта тұратын этникалық қазақтың отбасын біреулер тұтастай қырып тастапты. Чинабад деген ауылда болған оқиға кезінде 5 адам мерт болыпты. Білетіндер, тіпті әлгі бауырларымызды «қылмыскерлер бауыздап кетіпті» деседі. Жай атып тастамаған, бауыздап кеткен!
Қайтыс болғандардың ең кішісінің жасы 1 жарымда екен. Қазір, ауылды милиция қоршап алған көрінеді. Шамасы, тұрғындарды тергеп-тексеріп жатса керек.
Неткен сұмдық десеңші, қазақ өзбекті «өз ағам» деп қадірлеуші еді. Алаштың атамекенінде ешбір өзге ұлттың баласына қысым жасалмақ түгілі, олардың бір тал шашы да жерге түспегенін бұқара жақсы біледі. Ал, мынау өзбек ағайынның ішінен осындай қанішерлер де шығып отыр. Бәлкім, сол қазақ отбасын қырып тастағандар қылмыскерлер шығар, дүние-боқтың соңында жүрген болар. Бірақ, бұл намысқа қатты тиеді екен. Қазақ үкіметі этникалық көші-қонды іштен ірітіп, сол жұмыспен айналысатын мекемені таратып жіберді. Ал, шетелдегі қандастарымыздың халі мынау. «Ағажай Алтай» әнінде:
«Қара арғымақ сүрініп қу томарға,
Қара нардың бұйдасын жау кесені-ай» -деп зарланатын қазақ, атыс-шабыссыз, бейбіт күнде де сол мүшкіл халден арыла алмайтын болды ғой. Өзекті өртейтін жай осы.
Өз басым бұл қылмысты этникалық сипаттағы мәселе деп есептеймін. Өзбектер өктемдік танытуын қоймай жүр. Қытайдың да қылығы белгілі. Азат елде, Қазақ елінде де қазақ баласының мұрны қанаса, билік «сені ұрған өзгелер кінәлі емес, өзің және қанаған мұрның кінәлі» дейтін пиғылда екендігін бәріміз білеміз. Дегенмен, болашақтан үмітімізді үзбейтін халықпыз ғой. Қазақтың намысын ешкімге таптатпайтын күнге де жетерміз деймін. Ал, мына оқиғаға байланысты «қапыда қаза тапқан бауырларымыздың жандары жәннатта болсын!» деймін

Қараша 23, 2010 Жариялаған: | Жазған-сызғандарымыз осы | 7 пікір

“ДЕНИЗ”

This slideshow requires JavaScript.

Негізі сериалдар туралы көбіне қыздар жазады… Алайда, маған да айтуға болатын шығар ә?!
Сонымен сериалдар жайлы баян етсек, соңғы кездері түріктің телесериалдары көп көрсетілетін болды. Солардың бірі «Қазақстан» ұлттық арнасында көрсетіле бастаған «Дениз» телесериалы. Негізі бұл сериалдың түрікше аты-«Дениз Йылдызы». («Теңіз жұлдызы» деп сөзбе-сөз аударамыз ба, әлде «Дениз жұлдызы» дейміз бе, оны өздеріңіз шешіңіздер).Үйдегілер қараған соң, амал жоқ мен де қосылатын болып жүрмін. Өйткені, жұмыстан келген соң бәрі осы сериалды көреді. Қара жәшіктен басқа дүниелер қарайын десем, үйде бір ғана теледидар бар. Сосын «құдай салды, құл көнді» болып отыра беремін. Телесериал амалсыз өзіне баурап бара жатқан сияқты. Шамасы, телесериалды түсіргендер адам санасына қалай әсер етудің жолдарын тәуір білетін болса керек. Әйтеуір, телесериалды көріп жүрмін. Бірақ, іштей «осы сериал тез бітсе екен, кәдімгі фильмдердегі сияқты соңы не болатынын біле салса ғой» деп те ойлап қоямын.
Бірақ, менің бұл тілеуім әзірге орындала қоятын түрі жоқ сияқты. Өйткені, «Дениз» сериалының бөлімдері 200-ден асады екен. Түрік тілінде бұл туралы жеке сайт та жүр. Тіпті, 233- бөлімнің мазмұны туралы да оқыдым. Мәссаған, безгелдек! Егер бұл сериал толық қазақша аударылса, онда біздің отандастарымызға бір жылдан астам уақыт «ермек» болады деген сөз.
Дегенмен, қызықты болу үшін осы сериалдардың актерлері мен актрисалары жайлы бірер ауыз сөз етейік. Әрине, бас кейіпкер–Дениз. Шын аты Гүнеш Емир. 1985 жылы 10 мамырда дүниеге келіпті. Бойы 1 метр 72 см, салмағы 52 кг екен. Шамасы, кәсіби актриса болса керек. Ол актрисалықты үш оқу орнында оқыпты. 24 жасынан бастап Дениздің рөлін сомдай бастапты. Яғни, бұл сериал 2009 жылы түсіріле бастады деген сөз. Оған қырындап жүрген Мерттің шын есім-сойы Корай Еркөк екен. Ол 1986 жылы 4 қаңтарда дүниеге келіпті. Билкент университетін бітірген екен.
Көзілдірікті «оқымысты» Өзгүр болса 1983 жылы 2 желтоқсанда дүниеге келген Туан Туналы деген жігіт екен. Paris Graduate School of Management мектебінің түлегі. Мотоцикл мініп, ит асырағанды хобби санайтын көрінеді.
Ал атышулы Пелиннің аты Башак Акбай. 1987 жылы дүниеге келіпті. Бойы 1 метр 55 см, яғни «ергежейлі» көрінеді. Салмағы да сол– 40кг. Хаджеттепе университеті, Анкара мемлекеттік консерваториясы театр актері бөлімін бітіріпті. Ән салғанды, би билегенді жақсы көреді екен.
«Байдың қызы» Бануға келсек, оның есімі Бегім Топчу екен. 1985 жылы Анкарада дүниеге келіпті. Хаджеттепе университеті мемлекеттік консерваториясы театр актері бөлімін 2007 жылы бітіріпті. Мелих деген «мықты» жігіттің есім-сойы Жантуг Турай екен. 1984 жылы 14 мамырда дүниеге келіпті. Консерватория бітірген көрінеді. Ал, оның досы Өзан болса 1985 жылы дүниеге келген Емре Игдемир деген жігіт екен. Анкаралық жігіт болса керек. Иедітепе университетінің театр бөлімін тәммадапты. Қысқасы, басты рөлдегі «мықтылар» осылар екен. Әрине, сериал барысында тағы да бірнеше кейіпкер қосылатын көрінеді. Ол жағын айтпаймын. (Шамасы сериалға PR болып кетті-ау) Күні ертең ол жайында біздің журналдар онсыз да жариялайды. Бәстесеміз бе?

Қараша 19, 2010 Жариялаған: | Жазған-сызғандарымыз осы | , , | 37 пікір

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.