Қырандар!

Қырандар! Неткен әдемі едіңдер?! Кейде  «менің де қанатым болса ғой» деп армандайтыным бар…

This slideshow requires JavaScript.

«Халал» су!

Астанада бір  «мықты» халал су сата бастапты.  Кәдімгі судың да  харамы және халалы бола ма дедім.  Исламды  жақсы білетіндер халал мен харам ұғымдары көп дүниеге қатысты болатынын айтады.  Дұрыс делік. Бірақ,  кәдімгі  ішетін таза суды халал және харам деп бөлгенді бірінші рет естідім.  Әлгі  пақыр  тазалау қондырғыларынан өткен ауыз суды құтыға  құяр кезде  Құран кәрім аяттары оқылатын дисктерді ойнатып қоятын көрінеді.  Содан соң,  «халал су» деген ат қойып сата бастапты. Осы бізден шықпаған шығады. Құран аяттары оқылған нәрсенің бәрі халал болса,  әлгі доңыздың етіне де оқу керек шығар немесе сыраға  оқып  «халал» дейтін  болармыз. Логика осы.  Шынымды айтсам дым түсінбедім. Имамдар бұл әрекетті  таза коммерция десіп жатыр. Дін атын жамылып сауда жасасақ,  енді сататын  ештеңеміз қалмайтын шығар…

30 жылда үйренуге болатын тіл…

Біз қызықпын осы! Дәлірек айтсақ,  Үкіметіміздің істейтін ісі қызық, яғни ақылға қонымсыз. Неге десеңіздер, біздің  билік  қазақ тілін бақандай 30 жылда үйренуге болады деп шешсе керек,  «Тілдерді қолдану  мен дамытудың  2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» әзірлеп жатыр екен.  Сөйтіп, Кәрім Мәсімов өткен  көктемде айтқан  «Қазақстандықтар  енді 10 жыл  ішінде мемлекеттік тілді үйренетініне сенемін» дегенін дәлелдемек  сияқты. Сол кезде  біз қазақ тілін үйрену үшін 1989 жылдан бері санағанда 21 жыл болғанын, оған 10 жыл қоссақ  31 жылға жетерін «есептеп» таң қалғанбыз.  Содан соң оны, Үкіметтің орындала қоймайтын кезекті бағдарламаларының бірі шығар дескенбіз. Сөйтсек, Үкімет шындап тұрып кіріскен сияқты.  Бағдарлама жобасы ел-жұртқа таныстырылды.  Білетіндер,  «тәуір екен» десіп жүр. 2020 жылы  қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілінде  сөйлейтін болады екен.  Бұқараның 90 пайызы сол кезде де орыс тілін ұмытпайтын  көрінеді.

Бір қызығы  бағдарлама жобасында «тілдер қазіргі  функциясын сақтайды» деп жазылыпты. Оны Амангелді Айталы сынап еді, құлаққа ілген ешкім көріне қоймады. Шынында да,   Қазақ еліндегі тілдер қазіргі  функциясын сақтайтын болса 2020 жылы да орыс тілі ресми  тіл болып қалады деген сөз.  Ал, қазақ тілі  баяғы сол жетімнің  күйін кешпесіне кім кепіл?!.   Аптаның басында  Мәдениет министрі  Мұхтар Құл-Мұхамед мақтаған  бағдарлама жобасынан осыны ұқтым.

Айтпақшы, сол жиында  Мырзатай Жолдасбеков ағамыз  Кәрім Мәсімовті  көзіне мақтады. «Айналайын» деді. «Басқалар  пермьерден пример алуы керек» деді.  Өзгені қайдам мен Мырзатай ағамыздың  бұл қылығын «жағымпазданудың  шыңы» деп бағаладым.   Ағамыздың қылығына ұялдым. Ақсақалға  жараспайтын әрекет болды бұл. Қариялар әдемі қартая білсе ғой, шіркін!

Шұғыл ісім бар еді…

Біз  үнемі айтып жүретін «шұғыл» деген сөз бар еді ғой.  Сол сөз Бұқар жырауда бар екен.  Бұқар қария өзінің «Толғау» деп аталатын жырында

Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа.

Екінші тілек тілеңіз,

Ер, шұғыл, пасық, залымның,

Тіліне еріп азбасқа.

Үшінші тілек тілеңіз,

Үшкілсіз көйлек  кимеске… депті. Осы жырдағы қалған тілектер белгілі жай еді. Ал,   Continue reading Шұғыл ісім бар еді…

Өлгейдің бейнесі осы…

Туған жерімде той болғалы жатыр…

Әлгі,  Ескендір ағамыздың  ауылға, туған жерге арналған әдемі  әні бар еді ғой. Сол әнде «туған жерін сүйе алмаған, сүйе ала ма, туған. елін?!» деген  жыр жолдары бар.  Расында туған жерді сүйе алмасақ,  туған ел туралы биік мінберлерден сайрағанның қажеті  болмаса керек. Өйткені,  сүю деген  айырықша  қасиет қой. Әсіресе, туған жерге деген сағыныштың жөні бөлек. Өз басым Монғолияның Баян-Өлгей аймағында  дүниеге келген жанмын. Туған жерден атажұртқа көшкелі де 17 жыл болыпты.  Биыл мен туған өлкеде үлкен той  өткелі жатыр.  1940 жылы  атасы басқа монголдардың елінен қазаққа арнап құрылған аймақ өзінің 70 жылдығын атап өтпекші. Қазақ елі тәуелсіздік алған соң  атажұртқа оралған монғолиялық қазақтар қазір тоб-тобымен сол тойға қатысу  үшін Алтайдың Қобда бетіне сапар шегуде. Мен де барғым келген. Дүрмектің ішінде,  туған жерімдегі тойға қатысқым келген. Бірақ, Алла  сол  тойды дәл туған жерімде тамашалауды нәсіп етпеген сияқты. Баяғы қу тіршіліктің бітпейтін шаруалары шықты да,  тойға аттанып жатқан топтан қалып қойдым.  Дегенмен, 150 жылға жуық уақыт қазақтың бір тобына құтты мекен болған Баян-Өлгейдің 70 жылдығы құтты болсын деймін.  Қазақтар тойларың тойға ұлассын!

Мен де блог ашып алдым

Осыдан бір айдан астам бұрын, дәлірек айтқанда мамырдың  соңында  Алматыға жиналып,  «Мінбер» журналистерді қолдау  орталығының  семинар-тренингіне қатысқаным бар. Сол кезде  Асхат Еркімбай блог ашуды  үйреткен еді. Алайда, атын тәп-тәуір етіп қойып алсам да,  блогты ашудың сәті бір түспей қойды.  Осы жолы тағы да бақ сынап көрейін деп, талпыныс жасаған жайым бар.  Қалай боларын  уақыт көрсетер дедім

Алаш баласы, аман жүр!