«Мықтың үйі» деген не болды екен ә?!

бесшатыр қорғаны "мықтың үйі" емесҚазақтың дүниетанымының кеңдігіне қайран қаламын. Қазекем,  бір тал шөптен бастап аспандағы жұлдыздарға дейін ат қойып,  олар жайлы  әфсаналар  шығарып кетсе керек. Біраз аңыздарды біз білеміз. Енді бір тобы тек зерттеушілерге ғана  таныс дүниелер. Дегенмен, өз басым бала  күнімде көп естіген, қазір де  ғалымдардың аузынан анда-санда құлғым шалып қалатын бір ұғым бар. Ол–«мықтың үйі» деген ұғым. Бірде, тағы ананы, мынаны айтып тұрғанда аузымнан осы  сөз шығып кеткені бар. Сол сәтте қасымда тұрған Тұрсын Жұртбай ағамыз елең ете қалған еді. «Әй, сен оны қайдан білесің? Жастардың аузынан бұл сөзді бірінші рет естіп тұрмын»  деген-ді. Ал, мен  болсам оны  көнекөз қариялардан естігенімді  айтқан едім. Алайда, нақты мәнін әлі ешкім ашып көрсете алмаған ұғым сияқты. Содан не керек, бұл ұғым туралы сұрастырып жүрмін. Әзірге,  бірнеше нұсқаны айтатын ғалымдар бар.

Біріншісі, «мықтың үйі» деген көне замандағы зираттар болса керек. Жазушы Таласбек Әсемқұлов  ағамыз бұл зираттар жаугершілік заманынан қалған дейді. Мыңдаған адам қаза табатын  үлкен соғыстарда мерт болған жауынгерлерді жерлеген зират дейді. Ағамыз «Бастырма» деген мақаласында: «Қазақ соғыста өлген азаматтарды қолдан келгенше жерлеп кетуге тырысады. Көнекөз қариялардан естiгенiмiз. Адамдардың мәйiтiн, мысалы, бiрнеше мың мәйiттi, әуелi бiр-бiрiне сүйеп отыр¬ғызады. Содан кейiн екiншi қабат тағы бiрнеше мың адам алдыңғылардың үстiне отырғызылады. Содан кейiн тағы бiрнеше мың. Тiрi қалғандар шәйiт бол¬ғандардың аруағына дұға оқып, қайғыра жүрiп, даланың төсiнде осындай бiрнеше, кейде он-жиырма, кейде отыз-қырық сұмдық төбелер тұрғызады. Бұл  жерде бiз әскер жүз мыңдап қырылатын ұлы соғыстарды айтып отырмыз. Ал кейде адам шығыны аз болып, өлген жауынгерлердi елге алып қайтудың мүмкiндiгi болса, алып қайтады. Елге келгеннен кейiн арулап көмедi. Далада қалған, шала-шарпы көмiлген сүйек уақыт өте шаң, топырақ үйiрiлiп, ақырындап төбеге айналады. Құрметтi оқырман, «мықтың үйi» дегендi естуiңiз бар ма? Естiмесеңiз айтайын,  «мықтың үйi» дегенiңiз сол, ғапыл мен өкiнiшке толы қазақтың қанды тарихынан қалған мұңлы  төбелер. Осы күрең топырақ – тұнжыр дала, қасиеттi Отан үшiн қан төккен сансыз ұрпақтың үнсiз молалары» дейді.  Мүмкін. Расында да  «мықтың үйі» аталатын  төбелерден тек адамның сүйектері ғана шығады екен. Алайда, жүздеген мың адам қырылатын соғыстар қай дәуірде болды екен, деген сұрақ тағы туындайды. Меніңше  мұндай  ұлы  жорықтар Ақсақ Темір заманынан кейін болмаған сияқты. Демек, Таласбек  ағамыздың пікірін құптасақ «Мықтың үйі» аталатын  төбелердің  «ең жасы» ХІҮ ғасырдың  мұрасы деген сөз. Ал, әрі кетсек Кирмен шайқасқан Томирис дәуіріне, Моде қағанның жорықтары мен Шөже қағанның қорғаныс ұрыстарына, көк түріктің баһадүрлерінің жортуылдарына, Шыңғыс  ханның шайқастарына барып тірелетін  дүниелер сияқты. Бұл енді «мықтың үйі» деген төбелерді тек қана жорықта қаза тапқандардың моласы деп бағаласақ   туындайтын ұғым болса керек. Таласбек  аға «мықтың үйі» дегенді  мүк басып жататын төбешіктер болғандықтан, «мүктің үйі» деген ұғым «мықтың үйі» деп өзгеріп кетуі мүмкін екендігін айтады. Бірақ, тарихшы  Жамбыл Артықбай «мықтың үйі» дегенді  тарих ғылымында  «Андронов мәдениеті» деп аталатын қауымның мұраларына  қазақтың берген атауы дегенді алға тартады. Марқұм Жағда Бабалықұлы  қазақ «мық» қауымы деп сақтардан бұрын өмір сүрген жұртты атағандығы жайлы  пікір айтыпты. Ал, кейбір ғалымдар «мық» дегенді ежелгі арий тайпалары дейді екен.  Ел ішіндегі бір аңызда «мық» деген қауым туралы қызық мәселе айтылады. «Ертеде мық деген халық болыпты. Бәрінің бойы аласа, ергежейлі болса керек. Содан бір күні ғайыптан, осы халықтың жер бетінен жойылуы керектігі туралы  хабар келіпті. Мұны естіген мық жұрты  төбе-төбенің басына шұңқыр қазып, оның бетіне тас қалап, өздері сол қорымның астына кіріп алыпты. Ақыры, мық жұртының жойылатын сәті келгенде олар  шұңқырдың төбесін тіреп тұрған бақандарды сындырып, өздері  құм мен тастың астында қалған екен» дейді ел ішіндегі бір  аңызда. Ал, ұйғырларда «баяғыда сары ұйғыр жұрты Тәңіртау­дың (Тянь-Шаньның) етегіне көшіп келгенде осы жерде сары мық, қара мық деген қауым өмір сүріпті. Ұйғырлар  олармен қиян-кескі соғысқа кірісіпті. Ақыры, сыр мық пен қара мық жұрты Тәңір тауын тесіп өтетін үңгір қазып, осы өңірден қашып кетіпті» деген аңыз бар екен. Мұның өзі  осынай әпсаналар мен қорымдардың тарихи астары болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Айтпақшы, «мық» деген  аласа бойлы, бірақ өте қарулы адамдарды айтатын болса керек. Бұл «мық» сөзінің көне мағынасы екен. Қариялардың сөзі бұл. Мәшһүр Жүсіп те есте жоқ ескі замандарда «мық» аталатын жұрттың өмір сүргенін жазады.  Бір қызығы «мықтың үйі» аталып кеткен қорымдарға ұқсас зираттар Енисей өзенінен бастап Дунайға  дейінгі  жерлерге тараған» деседі. Әлкей Марғұлан осындай дерек айтыпты.

Содан не керек, маған осы ұғым туралы ел ішіндегі әпсаналар  керек болып тұр. Бірнешеуін жинадым, дегенмен  интернет арқылы сұрастырсам  біраз дерек табам ба деген дәме ғой менікі. Тағы бір мәселе қазақтың тілінде «күш» деген бар, «күшті» деген бар. Оның сырын елдің бәрі біледі. Ал, енді «мықты» дегеннің шығу төркінін қалай бағалауға болады. Ой қоссаңыздар екен.

(Айтпақшы, фотдағы «мықтың үйі» емес. Ол сақтардың Бесшатыр қорғаны)

4 thoughts on “«Мықтың үйі» деген не болды екен ә?!”

  1. «мықтың үйі» мен «мықтың тасы» деген сөз ғана емес,сол мықтың тасы мен үйі атанған тастан жыйлған алып үйінділер маған сонау бала кезден таныс еді.Алтайдың алып орқаш орқаш тауларында,тіпті адам аяғы бармаған шатқалдарында кішісі кигіз үйдің үлкендігіндей,ұлкендері кіші гірім төбедей үйлген тастар болатын.сол «мықтың тасы» кейде үш,кейде бес,кейде жетеуі бір жерде тұратын.бәрі тақ санды.сол мықтың тастарында отырып әкемнен сұрағанда» бұл мықтың тасының астында біреуіде ғана батырдың не көсемдерінің сүйегі болады,ал қалғандары бос,жай дұспандарын алдау үшін боладі «деп жауап бергені есімде.
    кейін «мықтың тасы» туралы көне көз кісілерден сұрағанымда «бұл сонау сақ дәурінен ары қарайғы дәуірге қарасты екенін,кейде бұл жиналған тастар әскер санын жане жер иелігін білдіретін белгілер екенін айтып қалды.
    менше «мықтың тасы» не «мықтың үйі»деген атаудың мүкпен еш қатысы жоқ.бұл атауларды көне түркі тілінен қарастырған жөн.
    Қытайдың Алтайында «мықтың тасы» мен «үйін»көп зерттеп,»Дала тағылымы» журналында көп зерттеу жариялаған жазушы бар еді.сол кісі жақсы біледі.

    Ұнады

  2. айтпақшы,»мықтың тасы»ның үлкен кішілігі мен санына байланысты әкем:»батыр не көсемдерінің атақ дәрежесіне байланысты мықтың үйінің көлемі үлкен не кіші,саны көп не аз болған» деп айтқан еді.әрине әкем де оны сол Алтайда сан ғасыр өмір сүрген аталарынан естіген болар.
    сол Алтай тауындағы «мықтың тастарын» қытайлар көріп біліп отырсада ешқашан зерттеген емес.тіпті Алтай тауындағы «тұғырыл хан кесенісі» атанған алып қорғанды да мың жылдың адында салынған Шыңғысхан салды деген қазір хан жол атанған арба жолды да зерттеп көрген жоқ.
    тек түркілерден қалған балбал тастармен сынтастарды жыйнап теріп музейге қойды.
    мүмкін,мықтың тастары жер иелік белгісі деген шын да шығар,сондықтан қытайлар қазақты аздырып болмай Алтайдағы сол «мықтың тастары» құпиялғын ашпайтын шығар.айтпақшы,мемілкекет ол қорымды ешқашан қазуға рұхсат етпейді екен.

    Ұнады

  3. Оңтүстік Қазақстан Шымкент жақта «мықтың үйі» деген тастан үйілген төбе немесе қамал жерлерді қалмақ жоңғарлармен соғыстан қалған деп айтады. Сол тәрізді бір қамал Балдыберек өзенінің жағасында болғаны тарихи құжаттарда жазылған.

    Ұнады

Пікір қалдыру