Өз блогыма қонақ болып келдім

images (2)
Араға жылдар салып «Тамшы» блогына қайта оралдым. «Іштен шыққан шұбар жылан» еді бұл. Қараусыз қалыпты. Кезінде көкейге түйгендерімізді, азды-көпті білгендерімізді жазыппыз мұнда. Блоггерлер «көбәріп» деп әзілдейтіндей ұзын-сонар посттар да жазыппыз. Бірақ, қараусыз қалғандықтан ба, біраз дүниелер жоғалтқан екенбіз. Әсіресе, аудио файлдар келмеске кетіпті.
Бұрын аудио файлдарды подкаст жасайтын қазақстандық сайттардың біріне қоюшы едім. Қазір ол сайт жоқ екен. Онымен бірге аудиофайлдарымыз да кетіпті. Өкінішті тұсы осы болды. Өзгесі орынында тұр. «Тамшыға» қайта оралғым келіп жүр.

16231 жыл

Өткенде  жазушы Таласбек Әсемқұловтан сұхбат алуға барғанмын. Қазақтың мифологиясы туралы  біраз әңгіме-дүкен құрып, сұхбаттасқан соң,  басқа тақырыпқа  да бұрылып кеттік. Әрине, бейресми әңгімеде  біраз мәселені қаузадық. Соның ішінде менің назарымды аударған бір  мәселе болды. Ол қазақтың  күнтізбесі жөніндегі әңгіме  еді. Таласбек  ағамыз  түркі халықтарының  күнтізбесі сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ жасалып қойғанын айтты. Тіпті, сол күнтізбе  бойынша  қазіргі уақыттың қай жыл екендігін де тілге тиек етті. Бірақ, бұл мәселені әлі зерттеп жүр екен. Сондықтан,  баспасөз арқылы бұл мәселені қозғауды жөн санамапты. Дегенмен, Таласбек ағамыз  түркі халықтарының ұғымы бойынша  биыл 16231(4) жыл болуы мүмкін екендігін айтты. Бірақ, нақты қай жыл екендігін толық анықтап үлгермепті. Сондықтан, үндемеуге бекінсе керек. Әрі 16231 ма, 16234 па соны анықтай қоймапты.  Әрине, мәдениеттану саласын бір кісідей зерттеп жүрген ағамыздың өз уәждері мен дерек-дәйектері бар шығар. Өз басым ол кісінің  зерттеп жатқан тақырыбының құпияларын ашқым келген жоқ. Бірақ,  тағы да  өзімнің логикаларым арқылы «неге түркі халықтарының немесе қазақтың күнтізбесі бойынша 16231(4) жыл болмауы керек?» деген мәселені қаузап көргім келді.  Өйткені, өзге жұрттың біразында  тасқа басылған күнтізбесі бар. Біздің халықта да 12 жылдық  циклге  құрылған  күнтібе  бар. Бірақ, әзірге нақты жазылған дерек  кездесе  қоймаған соң, көшпенділердің күнтізбесінің нақты  қай жылдардан басталатынын біле алмаймыз. Бірақ,  Таласбек Әсемқұлов айтқан  16231(4)  жыл  деген уәжді толық дәлелдемесе де,  сол межеге жақындататын бірнеше  логикалық  дәйегім бар. Негізі олар да менің сөзім емес, ел ішінде айтылатын әңгіме. Continue reading 16231 жыл

ОБАЛ

Негізі әрбір сөздің  төркінін іздеу еріккеннің ермегі тәрізді  көрінуі  мүмкін. Бірақ,  өз басым Қазақ радиосындағы  «Мен-қазақпын!» бағдарламасының  ұлттың  дүниетанымына  қатысты  сандарын жүргізетіндіктен  кейде әр ұғымның астарына  үңілуге мәжбүр болатыным бар. Өйткені, қазақтың танымындағы кейбір ұғымдардың астары терең келеді. Мәселен, ар, ұждан,  ынсап,  қанағат тәрізді ұғымдарды бәріміз білеміз. Бірақ, әрқайсысының  жеке мәні бар екендігін ескере  бермейміз. Өйткені,  мұндай  ұғымдар біздің тілімізге сіңіп, болмысымызға айналып кеткен. Бұл ұғымдардың шығу төркінін іздеп әуре болмайтынымыз да  содан. Бірақ, мені қызықтырған ерекше ұғым «обал» ұғымы еді. Өйткені,  бұл сөзді  білмейтін қазақ жоқ. Үлкендер «обал болады, тиіспе!» десе болды, бала  күнімізде кез-келген тентектігімізді  тыя қоятынбыз. Бұл бұйрық келгенде ағаштың бұтағын да  сындырмайсың,  шөпті де жұлмайсың,  торғай ататын рогатканы да тыға қоясың… Өйткені, қазақ үшін «обал болады» деген бір ауыз сөз 11 жыл бойы мектепте айтылатын «тәрибелі болыңдар, партиот болыңдар, үлкенге  құрмет, кішіге ізет көрсетіңдер»  дегендей толып жатқан  «уағыздардан»  күшті. «Обал» сөзі  есі дұрыс,  ана тілінің уызына жарыған кез-келген азамат үшін, мейлі  ол жырынды тентек болса да,  мейлі ақылды, тәрибелі азамат болса да  бірден елең еткізетін,  оғаш қылықтардан тыя қоятын құдіретті «тежегіш». Continue reading ОБАЛ

Ертегінің сырын ұғып жүрміз бе?

Өздеріңіз білесіздер қазақ ертегілерін жинақтап,  интернет кеңістігіне шығармақ ниетпен «Тамшыдан» бөлек тағы бір  блог ашып алған едім. Ұзын-саны мыңдап саналатын, 5 том болатын ертегілерді тұтастай жинап блогқа қою да оңай шаруа болмай тұр. Әзірге тек жан-жануарлар туралы ертегілерді ғана жинақтап жатырмын. Одан соң  қиял-ғажайып ертегілер,  шыншыл ертегілер деген үлкееен топ жатыр. Шыншыл ертегілердің өзі салт ертегілер, күлдіргі ертегілер, аңыз ертегілер деп  бөлінеді екен. Демек,  қолға алған ісім оңай болайын деп тұрған жоқ. Кейде «қолым көтере алмайтын шоқпарды белге байлап алған жоқпын ба?» деген  ой келеді. Дегенмен  айтпағым бұл емес.  Менің айтпағым  ертеглер мен әпсаналардың астарында да тарих жататындығында. Оған осы жолы көзім жеткендей болды. Әдетте  ертегілердің ішінде Құраннан сыр шертетіндері бар көрінеді. Оны біраз ғалымдар да жазыпты. Мәселен Т.Барласұлының осындай бір мақаласы көзіме түсіп еді. Бірақ, менің айтпағым бұл да емес. Continue reading Ертегінің сырын ұғып жүрміз бе?

Интернеттегі «таусылмас» тақырып

 

Соңғы кездері  интернетке кірмедім. Жаздың ыстық күндерінің әсері ме, жоқ әлде  еңбек демалысының алдындағы көңіл-күй ме, әйтеу  жазған-сызғандарым да жоқ, белсенділігім де төмен. Асхат Еркімбайдың жазда блоггерлердің  де белсенділігі төмендеп кеткенін айтқан бір пікірі бар екен. Асекең онда жазда дүниенің кез-келген  елінде біздегідей   блоггерлердің «жұмысы» саябыр тартатынын  айтыпты. Қойшы, қысқасы соңғы бір айға жуық уақытта  ғаламтордың «есігін қаққан» жоқпын. Бірақ,  бүгін  интернет кеңістігін  аралап қайтудың сәті түсті. Continue reading Интернеттегі «таусылмас» тақырып

«Ала жіптен аттама!»

Бұл енді бәрімімізге таныс әңгіме. Әдеп пен тәрибенің шекарасы бұл. Әдетте, біз бұл ұғымды тек тәрбиелік мәселе ретінде ғана қарастырамыз. Нақылдың тарихы қай кезеңдерге баратындығына, бұған қатысты ырым-тыйымдармен шаруамыз жоқ. Меніңше, қазақтың «ала жіптен аттамау» деген қағидасы тек адамгершілік қана емес, танымдық да мағынаға ие тәрізді. Ала жіп көбіне ақ пен қара түстерден өріледі. Бұл дүниеде жақсылық пен жамандық, күн мен түн, ақ пен қара сынды жұптардың болатындығын, өмірдің өзі ала-құла болатындығын меңзесе керек. Оның үстіне ала жіпке қатысты қазақта «жыланнан қорыққан ала жіпті аттамас» деген сөз тағы бар. Демек, ала жіп жыланға да ұқсайды деген сөз. Continue reading «Ала жіптен аттама!»

Орта Азиядағы Түркі пирамидалары

     Негізі бұл менің жазбам емес, тек аудармам. «Пирамида» дегенде  Астанадағыны айтып отырған жоқпын. http://turk-media.info  сайтында жарық көрген бір материал жөнінде  сөз етпекпін. Мәселе, барлық түркі халықтарының бабалары мысырлықтардан бұрын-ақ  пирамида салғандығы жөнінде болып тұр. Сенсеңіздер де, сенбесеңіздер  де осы. Ал кеттік, аударып берейін… Continue reading Орта Азиядағы Түркі пирамидалары

«Я перегрызу горло любому за мой татарский язык!»

                                                                              Бұл менің сөзім емес. Бұл сөзді аударуды да  жөн көрмедім. Бәрібір, мән-маңызын түсінеміз ғой. Бұл сөзді  9 маусым күні Татарстан астанасы Қазан қаласында  орыс шовинистерінің татар тіліне қарсы акциясы кезінде, оларға қарата  татардың батыл қызы­-Эльмира Исрафилова айтыпты.  Татарстандық ТНВ телеарнасында қызмет жасайтын Эльмира  ана тіліне отаршыл елдің, кеудемсоқ  халықтың қысым жасауына жол бергісі келмеген татар патриоттарының бірі болса керек. Continue reading «Я перегрызу горло любому за мой татарский язык!»

Алаш баласы, аман жүр!